Бүгін Павлодар қаласындағы Ақпараттық технологиялар колледжінде көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Пневматикалық винтовкадан ату мен автоматты жартылай бөлшектеп жинаудан республикалық турнир болып өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда Алматы қаласы мен Абай, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, ШҚО және Павлодар облыстарынан келген ұстаздар өзара сынға түсіп, бәсеке көрігін қыздырды.
Турнирді Ақпараттық технологиялар колледжі директорының міндетін атқарушы Әсем Құрманғазина өзінің құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. ҚР Ұлттық ұланы "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы, №5512 әскери бөлімінің командирі, полковник Арман Пернекулов пен №6679 әскери бөлім командирі, полковник Аманжол Айтенов және Ауған соғысы ардагерлері облыстық ұйымының төрағасы Сергей Яценколар өз сөздерінде жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде АӘжТД жетекшілерінің атқаратын еңбегі зор екендігін айта келіп, қиын да қызықты мамандық иелеріне сәттілік тіледі.
"Спорт жұлдыздары" журналының атқарушы директоры, Ш.Мұртаза атындағы Тараз халықаралық инновациялық институтының профессоры Болатбек Сағымбаев осы турнирді ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін колледж ұжымына ризашылығын білдіріп, қадірлі қонақтарды журнал редакциясы атынан марапаттап құрмет көрсетті.
Осыдан кейін Ақпараттық технологиялар колледжінің АӘжТД жетекшісі, турнирдің бас төрешісі, полковник Нұрлан Нұрпейіс қатысушыларды турнирдің өту барысымен таныстырды.
№5512 әскери бөлімнің оркестрі "Атамекен" әнін, осы оркестрдің солисі Ұлықбек Ахмедов "Қазақстан бақыты" әндерін нақышына келтіре шырқады.
Жеңімпаз және жүлдегер атанған ұстаздар ҚР Қорғаныс министрлігінің дипломдары мен журнал редакциясы атынан медаль, төсбелгілерге ие болды.